Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір өмірімізді өткіздік, айтыстық, тартыстық - әурешілөреқажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын. Ел бағу? Жоқ, елге бағым жоқ. Бағусыз дертке ұшырайын деген кісі бақпаса, не албыртқан, көңілі басылмаған жастар бағамын демесе, бізді құдай сақтасын! Мал бағу? Жоқ, баға алмаймын. Балалар өздеріне керегінше өздері бағар. Енді қартайғанда қызығын өзің түгел көре алмайтұғын, ұры, залым, тілемсектердің азығын бағып беремін деп, қалған аз ғана өмірімді қор қылар жайым жоқ. Ғылым бағу? Жоқ, ғылым бағарға да ғылым сөзін сөйлесер адам жоқ. Білгеніңді кімге үйретерсің, білмегеніңді кімнен сұрарсың? Елсіз-күнсізде кездемені жайып салып, қолына кезін алып отырғанның не пайдасы бар? Мұңдасып шер тарқатысар кісі болмаған соң, ғылым өзі - бір тез қартайтатұғын күйік. Софылық қылып, дін бағу? Жоқ, ол да болмайды, оған да тыныштық керек. Не көңілде, не көрген күніңде бір тыныштық жоқ, осы елге, осы жерде не қылған софылық? Балаларды бағу? Жоқ, баға алмаймын. Бағар едім, қалайша бағудың мәнісін де білмеймін, не болсын деп бағам, қай елге қосайын, қай харекетке қосайын? Балаларымның өзіне ілгері өмірінің, білімінің пайдасын тыныштықпенен керерлік орын тапқаным жоқ, қайда бар, не қыл дерімді біле алмай отырмын, не бол деп бағам? Оны да ермек қыла алмадым. Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ.


       ШҚМУ Польшада «Абай» жастардың мәдени-білім беру орталығын ашты
       Елбасы жариялаған Жастар жылында С. Аманжолов атындағы ШҚМУ облыс әкімдігінің қолдауымен Еуропалық одақ елінде – Польшада  «Абай» жастардың мәдени-білім беру орталығын ашты.

       – Жастар жылы аясында, сондай-ақ Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы шеңберінде С. Аманжолов атындағы ШҚМУ еуропалық жастарды Қазақстан мәдениетімен таныстыру мақсатында Польшада  «Абай»  жастардың мәдени-білім беру орталығын ашып отыр, – дейді С. Аманжолов атындағы ШҚМУ ректоры Мұхтар Әділбекұлы Төлеген.
       Ректордың айтуынша, орталық ашудағы басты мақсат – әлемге отандастарымыздың мәдени жетістіктерін насихаттау. «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес ашылған аталмыш орталық – Польшада оқып жатқан жастарымыз үшін қазақстандық мәдени-білім орталығы болса, Польша жастары үшін Қазақстанның туристік мекендерін, тарихы мен мәдениетін, ғалымдарын, ақын-жазушыларын таныстыру орталығы.
       Мұнымен қоса, екі ел ЖОО-лары арасында қосдипломды білім беру, оқытушылармен, студенттермен алмасу, біліктілікті арттыру, ғылыми тағылымдама ұйымдастыру, бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру қарастырылған. Орталық поляк және қазақ студенттері арасындағы диалогті жандандыруды көздейді.
       Іс-шара бағдарламасында – орталықтың ашылуы, Абай шығармашылығын таныстыру, ШҚМУ-дың ғылыми- білім беру қызметін таныстыру.
       Орталықты ашу барысында қос тарап үлкен жұмыс жүргізді. Польша тарапы жеке ғимарат бөлді, оны рәсімдеу үшін қазақ, поляк, ағылшын, орыс тілдеріндегі Қазақстан туралы кітаптар, мәдени жәдігерлер тапсырылды. Сондай-ақ, ШҚМУ Лингвистикалық-технологиялық университетке мүсінші Дәурен Дощановтың Абай мүсіні мен суретші Әлібек Шоқановтың «Абай» картинасы сыйға берілді.
       – Айта кету керек, Абай есімінің орталыққа берілуі кездейсоқ емес. Абай – қазақ мәдениетінің биік шынары, өлкемізде дүниеге кеп, қалыптасқан алып тұлға. Сондай-ақ, университетте абайтанудың бай дәстүрі, ғалым Айжан Қартаеваның ғылыми мектебі бар. Білім ордамызда абайтану конференциялары өткізіліп, ғылыми монографиялар шығарылды, Абайға арналған дипломдық, магистрлік жұмыстар жазылды. Демек, ШҚМУ ғалымдары мен студенттері Абай туралы көп мәлімет бере алады, – деді М. Ә. Төлеген.
       Орталықтың ашылу салтанатында онлайн режимде поляк-қазақ бейнебайланысы орнатылды. Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, Польшада оқып жүрген ШҚМУ жастары мәдени бағдарлама ұсынды, Лингвистикалық-технологиялық университет ректоры Эльжбетте Штернальға «Абай» медалі табыс етілді.
       Бұл – екі оқу орны ынтымақтастығының басы ғана. Көптеген қызықты іс-шаралар алда. Енді ШҚМУ-да ұлы поляк астрономы Коперник атындағы ғылыми-білім беру орталығы ашылады.

Баспасөз қызметі