Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір өмірімізді өткіздік, айтыстық, тартыстық - әурешілөреқажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын. Ел бағу? Жоқ, елге бағым жоқ. Бағусыз дертке ұшырайын деген кісі бақпаса, не албыртқан, көңілі басылмаған жастар бағамын демесе, бізді құдай сақтасын! Мал бағу? Жоқ, баға алмаймын. Балалар өздеріне керегінше өздері бағар. Енді қартайғанда қызығын өзің түгел көре алмайтұғын, ұры, залым, тілемсектердің азығын бағып беремін деп, қалған аз ғана өмірімді қор қылар жайым жоқ. Ғылым бағу? Жоқ, ғылым бағарға да ғылым сөзін сөйлесер адам жоқ. Білгеніңді кімге үйретерсің, білмегеніңді кімнен сұрарсың? Елсіз-күнсізде кездемені жайып салып, қолына кезін алып отырғанның не пайдасы бар? Мұңдасып шер тарқатысар кісі болмаған соң, ғылым өзі - бір тез қартайтатұғын күйік. Софылық қылып, дін бағу? Жоқ, ол да болмайды, оған да тыныштық керек. Не көңілде, не көрген күніңде бір тыныштық жоқ, осы елге, осы жерде не қылған софылық? Балаларды бағу? Жоқ, баға алмаймын. Бағар едім, қалайша бағудың мәнісін де білмеймін, не болсын деп бағам, қай елге қосайын, қай харекетке қосайын? Балаларымның өзіне ілгері өмірінің, білімінің пайдасын тыныштықпенен керерлік орын тапқаным жоқ, қайда бар, не қыл дерімді біле алмай отырмын, не бол деп бағам? Оны да ермек қыла алмадым. Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ.


       ШҚМУ «Абай еліне тағзым» форумын ұйымдастырды
       Ұлы Абайдың туған күні қарсаңында С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің бастамасымен, Абай ауданы әкімдігінің қолдауымен «Абай еліне тағзым» атты форум өтті.

       Соның бір жарқын көрінісі ретінде ұлы ақынның туған күні қарсаңында 9 тамыз күні С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің бастамасымен, Абай ауданы әкімдігінің қолдауымен «Абай еліне тағзым» атты форум өтті. 
       Форумның мақсаты – Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында Абай Құнанбаев есімін ұлықтау, ұлылар өлкесіне тағзым ету, студент жастар арасында Абай мұрасын насихаттау. Бұл форумға университеттің ректоры Мұхтар Әділбекұлы Төлеген бастаған оқытушылар мен студенттер, жиыны 72 адам Өскеменнен арнайы келді.  
       Форум аясында Абайдың әндері шырқалып, күйлері тартылды, шығармаларынан үзінділер оқылды. Сондай- ақ, «ШҚО-ның қасиетті жерлерін зерттеудегі С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың үлесі» көрмесі, «Абай оқулары» өтіп, университетішілік «Абай оқулары» сайысының жеңімпаздары марапатталды.  Абайттану саласына еңбегі сіңген бірқатар азаматтарға университеттің Ғылыми Кеңесі шешімімен «Абай» медалі тапсырылды.
       Ресми шаралардан соң Абай рухына, ата-бабалар аруағына құран бағышталып, 300-ге тарта адамға ас берілді. Абай, Шәкәрім мұражайларына саяхат жасалып, Абай елі, ұлы тұлғалары, Абай, Шәкәрім, Мұхтар мұрасына қатысты тағлымды әңгімелер айтылды.  
       Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің:  «Абай үні, Абай тынысы – заман тынысы, халық үні. Бүгін ол үн біздің де үнімізге қосылып, жаңа өріс алып тұр»,-деген дана сөздері бүгінде ақиқатқа айналғандай. 
       С.Аманжолов атындағы ШҚМУ ұжымының игі бастамасын басқа оқу орындары жалғастырып, «Абай еліне тағзым» киелі керуені Абайдың келер замандарға рухани  сапарын жалғастыра берсін!», - деген тілек айтқым келеді.

Филология ғылымдарының кандидаты,
доцент Бақытжан Келгембаева